Бас сақинасы неден туындайды? Бас сақинасы – мезгілді ұстама тәрізді, бастың жиі қатты ауруымен сипатталатын дерт, мұндайда әдетте жүрек айну және/немесе жарық пен дыбыстарға аса сезімталдық қоса байқалады.

Сондай-ақ дене жүктемесі кезінде және жүрген кезде бас сақинасы күшейе түседі, солқылдап, бір жақты ауыруы немесе бір жағынан қаттырақ ауруы мүмкін.

Негізінен, бас сақинасы ұстайтындар – қарқынды өмір сүретін және өз ағзасына бей-жай қарайтын ірі қалалардың тұрғындары. Егер олар уақтылы ауруды емдеп бастамаса, болашақта көптеген жағымсыз салдарға тап болуы мүмкін.

Бас сақинасы, әдетте, тұқым қуалайтын патология болып табылады. Бұл жағдайда бас ауруының қарқындылығы, ұстама жиілігі көп жағдайда өмір сүру салтына және қоршаған ортаға байланысты болады. Әдетте, мегаполис тұрғындары күйзеліске шалдығады, бұл ұстаманың жиі қозуына әкеледі.

Бас сақинасының негізгі триггерлері:

  • Күйзеліс. Қарқынды өмір үнемі күйзелісті жағдайларды тудырады, сол себептен бас сақинасы пайда болады. Көп жағдайда бас ауруы күйзелістен кейін жүйке жүйесі босаңсыған кезде пайда болады, сондықтан ол демалыс күндері немесе демалыс кезінде ерекше байқалады.
  • Саяхаттау. Егер адамдар туған қаласынан басқа жаққа сирек баратын болса, онда олар үшін тіпті жақын жерге сапар шегудің өзі күйзеліс тудырады жәнеол басты қатты ауыртатын сақина ұстамасының себебіне айналуы мүмкін.
  • Тамақтану. Уақтылы тамақтанбау, қажетті микро- және макроэлементтердің болмауы бүкіл ағзаға кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар, көптеген адамдар тез дайындалатын тамақты жейді, тамақ ішу мәдениетін ескермейді, бұл көптеген бұзылыстарға әкеледі.
  • Дыбыстың, жарықтың кері әсері. Адам тәулік бойы шуы қатты естілетін қаланың қарқынды ырғағында өмір сүреді. Осы себептен тыныштықта босаңсып, демалу қиын.
  • Ішімдік (әсіресе қызыл шарап)
  • Аз ұйықтау немесе көп ұйықтау, әдеттегі ұйқы режимінің өзгеруі
  • Кейбір азық-түлік: жаңғақтар, қатты ірімшік, шоколад.
  • Шылым шегу
  • Ауа райының өзгеруі (ыстық күндерде)
  • Етеккір алды синдромы
  • Мойынның ауруы, мойын бұлшықетінің және иықтың түйілуі.
  • Белсенділіктің аздығы. Қалыпты қозғалыс белсенділігінің болмауы іркіліске әкеледі, мидың қан айналымы нашарлайды.

Бас сақинасы кезіндегі бас ауруын уақтылы емдеу керек. Егер дер кезінде дәрігерге қаралмасаңыз, болашақта көптеген жағымсыз салдарға тап болуыңыз мүмкін.

Бас сақинасының басты қаупі неде?

Көп адамдар осы аурудың қаупін жете бағаламайды. Бас сақинасы – ауруды тудырып қана қоймай, сонымен қатар, еңбек ету, жұмыс істеу қабілетін төмендететін, тіпті ұстама кезінде жатып қалуға дейін апаратын жағымсыз құбылыс. Сақина жиі ұстайтын болса, өмір сүру сапасы да төмендейді.

Созылмалы түрде бас сақинасы күн сайын болып тұруы мүмкін. Бастың қатты ауыруы, әсіресе асқынған жағдайда өлімге әкелуі мүмкін. Триптандардың көмегімен бас сақинасын емдеу бас ауруын тоқтатуға, сондай-ақ жалпы хал-жағдайды жақсартуға көмектеседі. Дұрыс таңдалған ем адамның еңбекке қабілеттілігіне оң әсер етеді, басқа ауыр патологиялық процестердің даму қаупін азайтады.

Бас сақинасы – кешенді түрде күресуді қажет ететін ауыр дерт. Дәрігерге қаралу, өмір салтын түзету, дәріні уақтылы қабылдау керек және оң әрі ұзақ әсерге қол жеткізу үшін емдеуші дәрігер ұсынған терапияның басқа да әдісіне жүгіну қажет.